Шымкентте Нұрай Серікбайдың қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы басталды.
2026 жылдың 28 шілдесіндегі сотта сотталушы Шерхан Аймаханнан жауап алынып жатыр. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамады. Айтуынша, Нұрай екеуі 2025 жылдың шілдесінен бастап қыз-жігіт болып кездескен. Сол жылдың қазанында екеуі үйленуге шешім қабылдап, Алматыдан Шымкентке бірге жолға шыққан.
Нұрайды үйіне алып барғаннан кейін Аймахан қызға қолхат жаздырған. Ол мұны «салт-дәстүрге» сай жасалған әрекет деп түсіндірді.
«Ең алғаш кездесуге шыққан кезде анасы тігіп берген көйлекті киіп шықты. Анасы рұқсат берген соң шықты. Анасы мен екі ағасы Димаш пен Сұлтан Нұрайдың менімен кездесіп жүргенін білді. Нұрайдың жұмысына барып жүргенімді көрді», – дейді сотталушы.
Нұрай қаза тапқан күн
Шерхан Аймаханның айтуынша, 2026 жылдың 11 қаңтарында ол Нұрай Серікбаймен қарым-қатынасын тоқтату үшін қызды кездесуге шақырған.
«Ол келісім беріп… Сақинаны беріп қоштасқым келді. «Айырылысамыз» деген кезде ашуланып, сақинаны оң қолымен көше бойына лақтырды. Нұрай бірінші болып маған пышақ сұқты (…) Мен «қоштасамын» дегеннен кейін Нұрай кеудемнен ұрып, боқауыз сөз айта бастады. Қалтамнан пышақ сезілді. Екі пышақтың кішкентайын беріп, «ұрғанша, пышақта» дедім. Нұрай пышақты алып, сол қолымен оң тұсыма пышақ тыққаннан кейін артқа шегіндім. Ары қарай қалай болғаны есімде жоқ», – дейді сотталушы.
Айта кетейік, Шерхан Аймахан 1997 жылы туған. Оған Қылмыстық кодекстің «некеге тұруға мәжбүрлеу», «сталкинг» және «аса қатыгездікпен адам өлтіру» баптары бойынша айып тағылған.






