Әлеуметтік желі арқылы тележүргізуші Динара Жанықұлова (Динара Сатжан — ред.) мен продюсер Баян Алагөзоваға тіл тигізген ақтөбелік Бағдагүл Лепесоваға қатысты іс сотта қаралды. Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Лепесова кінәлі деп танылып, айыппұл арқалады.
Істің мән-жайы
Лепесова 2026 жылдың 13 мамыры TikTok-та «Мына Баян деген шалқып жүр ғой, Динара Сатжан екеуі. Олардың бәрі – сол қазынадан түскен ақша. Керек емес, итке керек емес жобаларымен үкіметтен бәленбай ақшаны қазынадан сыпырып алады» деген. Осылайша Жанықұлова мен Алагөзованың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтер таратқан.
Әйел айтқан сөздерге сот психологиялық-филологиялық сараптама жүргізілген.
Сот отырысында Бағдагүл Лепесова кінәсін мойындамай, Баян Алагөзова мен Динара Жанықұлованы танымайтынын, оларға қатысты ешқандай жала жаппағанын, біреудің өміріне араласпайтынын, әлеуметтік желідегі парақшасында жәбірленушілердің сотқа берген видеосы жоқ екендігін, одан бөлек іс материалындағы видеоларды жасанды интелект көмегімен шығаруға болатынын айтты.
Сот отырысына Баян Алагөзова Лепесованың абыройы мен беделіне нұқсан келтіргенін айтты. Сондай-ақ видеодағы сөздер шындыққа жанаспайтынын, тек осыдан 4 жыл бұрын «Рауза» сериалына мемлекет қаражат бөлгенін, одан бері барлық жоба тек өзінің қаражаты есебінен жүргізіліп келе жатқанын мәлімдеді.
Динара Жанықұлованың адвокаты да әйелді кінәлі деп танып, қатаң жаза беруді сұрады.
Сот шешімі
Бағдагүл Лепесова Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, түпкілікті 1 557 000 (бір миллион бес жүз елу жеті мың) теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Айыппұл ерікті түрде қаулы заңды күшіне енген күннен бастап 30 тәуліктен кешіктірмей төленуге тиіс.






