Астанада 2026 жылдың 18 тамызында Ұлдана Мырзуанның қазасынан кейін қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі басталады.
Ұлдана Мырзуанның қазасы
2025 жылдың 8 қарашасында Астанадағы тұрғын үйдің қасбеті құлаған. Оқиға орнына көмекке келген екі фельдшердің басына кондиционер құлады. Олардың бірі – Ұлдана Мырзуан 18 қарашада ауруханада қайтыс болды.
Содан кейін қылмыстық іс қозғалып, Астана полициясы тергеуді қылмыстық кодекстің 254-бабы 1-бөлігі «Міндеттеріне адал қарамау» бойынша жүргізген.
Қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, 6 тамызда Астана сотына түсті.
8 айдан кейінгі той
2026 жылдың шілдесінде Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнелдің шаңырақ көтерген видеосы тарады. Әлеуметтік желі қолданушылары қайғылы оқиғадан небәрі 8 ай өткенін жазып, ер адамның әрекетін сынады.
Содан кейін Әділет Зейнел «Народная партия Казахстана» YouTube каналына сұхбат беріп, той өткізгенімен заңды некеге отырмағанын айтты.
Сөзінше, Ұлдананың отбасына екінші рет үйленіп жатқанын айтпаған. Себебі екі отбасы арадағы қарым-қатынасты үзген.
Әділет Зейнел қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесінен бас тартпайтынын айтқан. Сөзінше «істі соңына дейін жеткізіп», «әділдікке қол жеткізгісі» келеді.
Содан кейін қайтыс болған Ұлдана Мырзуанның анасы мен әпкесі журналист Руслан Өтепбайға сұхбат беріп, жағдайда қатысты өз нұсқасын айтты.
Ұлдананың анасының айтуынша, екі отбасы арасындағы келіспеушілік 2026 жылдың ақпанында басталған. Сол кезде құдағиы (Әділет Зейнелдің анасы — ред) хабарласып, банкте өтелмеген несие туралы айтқан.
«Маған құдағиым хабарласып, несие төлеу керек екенін айтты. Сосын маған «отказной» (мұрадан немесе құқықтан бас тарту) жазып бересіз бе деп сұрады. Мен бұл сұраққа таңғалдым», – дейді марқұмның анасы.
Осы әңгімеден кейін Ұлдананың анасы заңгердің көмегіне жүгініп, банкке барған. Ол қызының атына қандай да бір қаржылық міндеттемелердің тіркелген-тіркелмегенін тексерген.
Тексеру барысында Ұлдананың атына ешқандай несие немесе қарыз рәсімделмегені анықталған. Марқұмның банктегі шоты 21 қарашада толық жабылған.






