2026 жылдың 25 тамызынан бастап мас күйде көлік айдағаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Енді құқық бұзушы 8 жылға көлік айдау құқығынан айырылады. Ал мас адамның жүргізуші куәлігі болмаса, құжатты 8 жыл бойы ала алмайды.
Сондай-ақ 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілер екі жылда бір рет міндетті медициналық тексеруден өтеді.
Азаматтың міндетті медициналық тексеруден өткен-өтпегені туралы мәлімет денсаулық сақтау министрлігі мен ішкі істер министрлігі арасында автоматты түрде жолданады.
«Жол жүрісі туралы» заңда жолда жүру талаптарын өрескел бұзған жүргізушілер қайтадан теориялық емтихан тапсыруға жіберілуі мүмкін екені көрсетілген. Алайда бұл кей жағдайда ғана қолданылады.
Мысалы, жол қиылысынан өту кезінде апаттық жағдай туғызу, белгіленген жылдамдықты бірнеше рет асыру, маневр жасау, жолақ ауыстыру немесе басып озу қағидаларын қауіпті түрде бұзу сияқты өрескел құқық бұзушылық саналады.
Егер жүргізуші дәлелді себепсіз тиісті қаулыны алған күннен бастап екі ай ішінде теориялық емтиханға келмесе, бұл да көлікті басқару құқығын тоқтатуға негіз болады.






