Атырау облысы әкімінің орынбасары болған Бақытгүл Хаменоваға үкім шыққанына үш жылдан асты. Үкімге сәйкес экс-шенеунік 7 жылға сотталды. Кәмелетке толмаған баласы бар болғандықтан қылмыстық-атқару мекемесіне үш жылдан кейін жіберілетін болды. Дәл осы үкімнің күшіне енгеніне бірер аптадан соң тұп-тура үш жыл болады. Енді 2026 жылдың ақпанында сот Хаменованың мінез-құлқына қарай оны жазадан босатуы да мүмкін. Немесе жеті жылға жазасын өтеуге жіберуге не оның орнына жеңіл жаза тағайындауға да құқылы. Шешімнің қандай болатыны белгісіз. Ал FemidaMedia оқырманға Хаменованың соттағы мәлімдемелерін еске салып, қылмыстық іске қатысты ақпаратты жинақтады.
Хаменова ұсталған күн
2021 жылдың 11 желтоқсанында Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталды. Олар Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.
2021 жылдың 12 желтоқсанында Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты Хаменоваға қатысты үйқамаққа алу шарасын қабылдаған. 22 желтоқсанда Атырау облыстық соты шенеунікті екі айға қамады.
Хаменоваға қатысты қылмыстық іс Атырау қаласының №2 сотына 2022 жылдың 31 мамырында түсті. Сот процесі 2022 жылдың 3 тамызында басталды.
Қылмыстық істе үш сотталушы болды:
- Бақытгүл Хаменова – Атырау облысы әкімінің орынбасары;
- Ақылбек Рысқалиев – Атырау облысы мәдениет басқармасының басшысы;
- Өміртай Адамов – «Балқыту» ЖШС директоры.
Істі қараған судья – Жұмабек Ташимов.
Мемлекеттік айыптаушы – Атырау облысы прокуратура басқармасының прокуроры Лаура Асанова.
Тағылған айып
Айыптау актісіне сәйкес Бақытгүл Хаменова пара ретінде берілген 4,5 миллион теңгені екі адам арасында бөлген. Оның ішінде Ақылбек Рысқалиевқа 2 миллион теңгені «өзіңе қалдыр» деген.
«Хаменова Рысқалиевті Атырау облысы әкімдігі ғимаратынан шыққаннан кейін қайта шақырып алған. Жиналыс кезінде шақырып, «Сен мынаған өте сақ бол, өте сақ бол! Сенің артыңнан қарап жүрген адам көп» деп айтқан. Осылайша Рысқалиевқа пара ретінде алынған ақшаға сақ болуды ескерткен», — деді прокурор Лаура Асанова сотта.
«Қазір күштінің заманы»
Сот отырысында Бақытгүл Хаменова тағылған айыпқа келіспеді.
«Мен өз жұмысымда этикалық нормаларды ұстандым. Рысқалиевтың «мені Хаменова қорлады, қудалады» деген сөздері барып тұрған жалған. Кез келген басшы өзінің қызметкерін тәртіптік жауапкершілікке тартуы мүмкін. Ал Рысқалиев менің бастамам бойынша бір де бір жауапкершілікке тартылған жоқ. Оған қоса Рысқалиев Атырау облысының басшысы Махамбет Досмұхамбетовтың ұсынысымен мәдениет басқармасына басшы болған. Егер менде оның өзіне немесе жұмысына шағым болса, мен бірінші кезекте облыс әкіміне есеп берер едім. Ауыстыруды сұрар едім. Сотта айтқанымдай, Рысқалиев менің тарапымнан қудалау көрсе, облыс әкіміне неге шағымданбады?», — деді Хаменова.

Бақытгүл Хаменова жұмыс барысында қатал екенін, алайда жұмысқа қатысты сынды этика нормасында жеткізгенін айтты.
«…Мен үшін Рысқалиевтың басқа басқарма басшыларынан еш айырмасы болған жоқ. Ол маған етене жақын да емес, өзі айтқандай ұнатпайтындар қатарынан да емес.
…Көлігінде қолма-қол ақша барын айтқан кездегі менің таңданысымды видеодан нақты көре алдыңыздар. Өйткені біз демеушілерден ешқашан қолма-қол ақша алған емеспіз. Қаражат тек аударым арқылы түсіп отырды. Егер бұл біредуен күткен пара болса және мен жемқор шенеунік болсам, Рысқалиевтің қолма-қол ақша дегеніне сонша таңқалар ма едім?», — деді Хаменова.
Ол өзін кінәлі деп санамайтынын, тағылған айыпты мойындамайтынын жеткізді.
«Тоғыз айдан бері екі баламды көрмедім»
«Антикор маған келген алғашқы күннен кейін-ақ «кінәні мойындап, процессуалдық келісімге келіп, балаларыңызға барыңыз» деді. Егер осы шартты орындасам, олар сотпен мәселені шешетіндеріне, бас бостандығымнан айырылмайтыныма уәде берді. Менің арым таза, маған тағылған айыппен ешқашан келіспеймін.
Құрметті сот! Менің әкеден ерте айырылып, шешеден тірі айырылған екі құлынымның дауысын естімегеніме 9 ай болды. Әрі қарай тағдырым қалай болатынын бір Алла біледі. 70 жастағы төсекке танылған анам бар. Құрметті сот! Қазір күштінің заманы. «Назарбаевтың жақтасы», «Назарбаевқа айтады» дейтін болар. Елбасын жақсы көремін. Ол кісі туралы айта беремін. Сол үшін мені жек көретін болса, жек көре қойсын. Бірақ менің 15 жыл бала оқытқанымды, коронавирус кезінде адамдары аман алып қалу үшін алысқанымды ел неге айтпайды?», — деді Бақытгүл Хаменова.
2022 жылдың 10 қазаны, сотталушы жауабын өзгертті
Сол күні Ақылбек Рысқалиев соттағы жауабын өзгертті. Ол жауап алу кезінде берген түсініктемесін жоққа шығарды.
«Мен есеңгіреп, қатты күйзелісте болдым. Сол кезде Антикор қызметкерлерінің бірі келіп, «бұл ақша облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға арналған» деп жауап беру керек екенін айтты. Егер мен осылай көрсетсем, менің қорғалуға құқығы бар куә болып қалатынымды түсіндірді. Бұл үшін жауапкершілікке тартылмайтынымды ескертті. Антикор қызметкерінің нақты кім екенін айта алмаймын, оларды танымаймын», — деді Рысқалиев.
Рысқалиев Өміртай Адамов екеуі арасындағы келісімнен Бақытгүл Хаменованың хабарсыз екенін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлеріне айтқанын жеткізді.
«Мені Хаменовамен қалай сөйлесу қажет екеніне дайындады. Мен Адамов, ақша туралы айтсам, Хаменова оны түсінбейтінін ескерттім. Ешқандай сезік тудырмайтындай етіп сөйлеп, ыммен сөйлесіп жеткізу қажет екенін айтты. Ең бастысы менің ақша алып келгенімді Хаменова түсінсін деді. Мені қалай дайындады, мен солай жеткіздім» — деді Рысқалиев.
Содан кейін Бақытгүл Хаменова Ақылбек Рысқалиевке алғыс айтты.
«Не айтарымды білмей тұрмын. Пайғамбарымыздан «мұсылман қандай болады?» деп сұраған екен. «Мұсылман сараң бола ма?» десе, «иә, сараң болады» деген. «Мұсылман қорқақ бола ма?» деп сұрағанда, «иә, қорқақ болады» деп жауап берген. «Мұсылман өтірік айта ма?» дейді, «жоқ, өтірік айтпайды» дейді. Бүгін мұсылмандық танытқаныңызға, Антикордан емес, Алладан қорыққаныңызға рахмет! Он ай бойы сол тар қапасқа тықсаңыз да, бүгін шындығыңызды айтқаныңызға рахмет айтамын. Ерлік жасағаныңызға ризашылығымды айтамын», — деді Хаменова Рысқалиевке.
Соған қарамастан судья сот тергеуін қайта бастауға негіз жоқ деп тапты. Антикор қызметкерлерінен жауап алынбайтын болды.
2022 жылдың 31 қазаны, прокурор Хаменованы 7 жылға соттауды сұрады
Прокурор Лаура Асанова соттан Бақытгүл Хаменованы жеті жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметті атқару құқығынан өмір бойына айыруды сұрады. Сондай-ақ «Құрмет» орденінен айырып, қамауда отырған бір күні жаза мерзімінің 1,5 күні ретінде есептеуді сұраған. Сотталушының кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазасы үш жылдан кейін өтеу туралы айтты.

«Қайтарымсыз уақытымды ұрлады»
Сол күні Бақытгүл Хаменова прокурорға жауап берді.
«Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы пара алды деген айып негізінде маған және Рысқалиевке қатысты, пара бергені үшін Адамовқа қатысты көтерілген қылмыстық іс бойынша сот тергеуі аяқталды. Нәтижесінде бұл қылмыстық істің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі тарапынан сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде осы істегі негізгі фигуранттар Адамов пен Рысқалиевке қысым көрсету арқылы шындыққа сәйкес келмейтін айғақтарды негізге ала отырып, маған қарсы қиялдан, ойдан шығарылғаны белгілі болды. Сот барысында айыптау қылмыстық іс жүргізу заңдылықтарын бұзып, тек болжам мен жорамалдарға негізделді.
Бұл іс бойынша жалған айғақтардан басқа аталған қылмысқа қатысымның бар екенін дәлелдейтін ешқандай да дәлел жоқ. Мұндай жағдайда сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында менен барлық күдік алынып тасталуы керек болатын. Әйтсе де, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі мен прокуратураның жекелеген кәсіби емес қызметкерлерінің жөн-жосықсыз әрекеттерінің салдарынан мен әлі де маған тағылған негізсіз айыптаулардан өзімді қорғауға мәжбүрмін.
Бұл қылмыстық істі жүргізуде заңбұзушылықтан аяқ алып жүру мүмкін емес. Тергеу барысында рұқсат етілмеген әдістер қолданылған деген талап өтініш ескерусіз қалды. Бірақ ай сайын үйқамаққа жіберу туралы немесе істің заңсыз тұстары көрсетілген сұрауымызға «Хаменова аса ауыр қылмыс жасады. Үйқамаққа жіберуге болмайды. Рысқалиев пен Адамовқа зиянын тигізеді, тергеуге кесірі келеді» деген жауапты айтудан прокуратура қызметкерлері де шаршаған жоқ. Солай-ақ болсын. Сот тергеуінен менің параға еш қатысым жоқ екеніне көз жеткіздіңіздер.
...Бұл бассыздық мен үшін және менің туыстарым үшін аса құнды абыройымды аяқасты етті. Жақындарымның денсаулығын нашарлатты. Ең бастысы, балаларыма және науқас анама арнауға тиісті қайтарымсыз уақытымды ұрлады», — деді Бақытгүл Хаменова.
Соттағы соңғы сөз. 2022 жылдың 14 қарашасы
14 қарашада айыпталушылар сотта соңғы сөзін айтты. Бірінші болып «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов сөйледі. Ол соттан өзінің зейнет жасындағы адам екенін, екі ұлының денсаулығында ерекшелігі бар екенін айтып, айыппұл түрінде жаза беруді сұрады. Немесе жұмыс істей алуы үшін қоныс-колонияда жазасын өтеуді сұрады.

Ақылбек Рысқалиев өзін толық ақтауды сұрады.
«Құрметті сот! Менің кәмелетке толмаған 4 баламның бар екенін және бұрын-соңды істі болмағанымды, денсаулығыма байланысты ұсынылған медициналық құжаттамаларды назарға алуыңызды сұраймын. Барлық мән-жайды ескеріп, менің іс-әрекетімде қылмыстық құрамның жоқтығына байланысты мені толықтай ақтауыңызды сұраймын», — деді Рысқалиев соттағы соңғы сөзінде.
Бақытгүл Хаменова да соттан өзін ақтауды сұрады.
«…Барлық әңгіме, барлық кездесу, ақша беру ол адамдардың жеке мотиві және әрекеті негізінде менің қатысуымсыз жасалған. Сот менің және Рысқалиевтің, Адамовтың мәлімдемесін ескеріп, жеке қаулы шығаратынына сенгім келеді. Нәтижесінде қылмыстық істі ойдан шығарған адамдарға қатысты қылмыстық іс қозғалады деп ойлаймын. Ол адамдар біз ойлағаннан да қоғам үшін қауіпті болуы мүмкін. Себебі істі адал тергеу үшін тек айқын фактіні қабылдау қажет еді. Сондай-ақ кінәсіздік презумпциясы деген түсінікті елемей, ашық түрде заңсыздықты негізге алу арқылы істің ұзаққа созылуына үлес қосқандар да назардан тыс қалмауы қажет. Азаматтар сот төрелігіне деген сенімін бекерден-бекер жоғалтқан жоқ. Сенбей, дұрыс істейді. Бұл іс сенуге болмайтынын көрсетті.
Тергеушілер, прокурорлар, бұл іске қатысқандар заңды аяқасты қылды. Олар ашық түрде маған қатысты ойдан шығарылған қылмыстық істі қолдады. Сот та осындай жолмен жүретін болса, онда еліміздің, балаларымыздың болашағы жарқын болатынын күтудің қажеті жоқ.
Құрметтi сот! Менің ешқандай да кінәм жоқ. Ақтауыңызды сұраймын. Ақтығымды, кінәсіздігімді дәлелдеу үшін соңына дейін күресемін», — деп түйіндеді Бақытгүл Хаменова.
Сот үкімі. 2022 жылдың 15 қарашасы
Сот үкімімен Бақытгүл Хаменова 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде 3 жылдан кейін өтейді. Хаменова сот залынан үйіне жіберіледі. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев те 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов 4 жылға сотталды. Екеуі сот залынан қамауға алынды.
Алайда іс мұнымен біткен жоқ.
2023 жылдың 21 ақпаны, апелляциялық сот
Апелляциялық сотта Бақытгүл Хаменоваға шыққан үкім өзгермеді. Алайда қылмыстық істегі қалған екі сотталғанның жазасы өзгерді.
«Соттың сауатсыз шешім шығарғанына қарап, өңірдегі судьялардың дербес шешім, әділ үкім шығаруда ешқандай билігі жоқ екеніне көзім жетті. Екі адамның жалған сөзіне құрастырылған істің қанша ақиқаты айтылса да, бәрібір оны өңірдегі құқық қорғау органдарының естір құлағы болмады.
Менің еш кінәм жоқ. Ол Аллаға аян. Кассациялық сатыдағы сот істі егжей-тегжейлі қарап, үкім шығарады деп ойлаймын. Өңірдегі құқық қорғау органдарына сенің шындығың мен ақиқатыңның құны көк тиын. Содан кейін ешқандай да сенім болмайды. Мен өзімнің шындығымды, ақтығымды дәлелдеу үшін барлық тетікті пайдаланып, соңына дейін күресемін», — деді Хаменова.
Рысқалиевтің Хаменоваға бағынышты болғандықтан оны әрекеттері пара алуға жәрдемдесу ретінде қаралды. Осылайша тағайындалған 7 жыл жаза 2 жыл деп өзгерді.
Адамовқа қатысты оның жауапкершілігін едәуір жеңілдететін ерекше жағдайларды ескеріп (егде жасын (65 жаста) және асырауында төрт және үш кәмелетке толмаған баласы бар 2 кәмелетке толған бала кезінен мүгедек балалардың болуы), тағайындалған жаза 1 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыруға төмендетілді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.






