Қазақстанда Құрылтай сайлауы 2026 жылдың тамызында өтеді. Осылайша парламент бір палаталы жүйеге көшуге қадам жасайды. FemidaMedia шілдеден бастап елдің саяси жүйесінде қандай өзгерістер болатынына шолу жасады.
Жаңа Конституция қабылданды
2026 жылдың 15 наурызында елде республикалық референдум өтіп, нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Соған сәйкес Парламент (Сенат және Мәжіліс) бір палаталы болып, «Құрылтай» деп аталатын болды. Одан бөлек Қазақстанның Халық Кеңесі жаңа консультативтік орган ретінде орнығады және вице-президент институты енгізіледі.
Конституция 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді.
Құрылтай 145 депутаттан тұрады
Парламент палаталары «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңды қарап, бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасына сәйкес, Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Бәрі пропорционалдық жүйемен, яғни, партиялық тізіммен сайланады. Құрылтай депутатының өкілдік мерзімі – 5 жыл.
Депутат Айдос Сарымның сөзінше, парламенттің бір палаталық жүйесіне сәйкес заң жобалары бір жерде қаралады және қабылданған шешімдер үшін жауапкершілік палатар арасында шашырамайды.
Вице-президент лауазымы енгізіледі
Жаңа Конституцияға сәйкес, вице-президент лауазымына тағайындалған азамат қандай да бір саяси партияға мүше болмауға тиіс. Сондай-ақ депутат бола алмайды, басқа да лауазымды қызмет атқара алмайды.
Вице-министр президент тапсырмасы бойынша биліктегі негізгі институттармен жұмыс істейді, азаматтық қоғам, ғылыми және мәдени қауымдастықпен байланысты дамытуға міндетті болады.
Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, елді басқару уақытша вице-президентке жүктеледі. Бұл мемлекеттік биліктің барлық институтының үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Вице-президент президент өкілеттігін қабылдай алмайтын болса, бұл өкілет Құрылтай төрағасына өтеді. Ал Құрылтай төрағасы да президент өкілеттігін қабылдай алмаған жағдайда, олар премьер-министрге беріледі.
Халық кеңесі деген не?
Халық кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың функцияларын біріктіреді. Құрамына 126 адам кіреді. Олар:
- этно-мәдени бірлестіктерден – 42 адам;
- ірі қоғамдық ұйымдардан – 42 адам;
- мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден – 42 адам.
Халық кеңесі төрағасын президент тағайындайды. Кеңеске заң шығару бастамасы құқығы беріледі. Ал жиыны жылына бір рет өтеді.
Жаңа Конституцияға сәйкес, кеңес жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтере алады.






